Алматыда алғаш рет сақтандыру форумы өтті

359

Шарада еліміздің сақтандыру нарығын дамытудың жаңа тұжырымдамасы, тәуекелдер және соңғы тенденциялар талқыланды.

Алматыда алғаш рет сақтандыру форумы өтті

Алматыда сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры 20 жылдық мерейтойын атап өтті. Осыған орай алғаш рет 11 елдің сақтандыру жүйесінің өкілдерінің басын қосып ауқымды форум өткізді.

Форум қатысушыларға қандай мүмкіндік берді? Шарада қандай өзекті мәселелер көтерілді?

Отандық сақтандыру нарығы кейбір көрсеткіштер бойынша тіпті шетелдік компанияларды басып озған. Бүгін Алматыда алғаш рет өткен сақтандыру форумында сарапшылар Қазақстанға осындай жоғары баға берді. Шараға сақтандыру төлемдеріне кепілдік берудің 11 халықаралық жүйесінің өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Канада, Германия, Испания, Малайзия, Тайвань, Индонезия, Кения және Сингапур бар. Форумда сөз алған шетелдік сарапшы Пол Петрелли елімізде компания банкроттыққа ұшыраған жағдайда сақтандыруға кепілдік беру секторын дамыту маңызды екенін атап өтті. Өйткені, полис ұстаушы кез келген форс-мажорлық жағдайдан қаржылық жағынан қорғалған болуы керек.

"Сақтандыру компаниясы үшін олардың сақтанушыларын қорғайтын тәуекел түрін, сондай-ақ бұл тәуекелдің қалай туындауы мүмкін екенін және оның даму барысында экономикамен қалай байланысуы мүмкін екенін түсіну маңызды. Сондықтан бұл тәуекелге жақсы статистикалық және стохастикалық талдау жасау, оған қоса осы тәуекелді қолдау үшін қажетті қаржылық резервтердің болуы да өте маңызды", - деді Assurist Canada бас директоры Пол Петрелли.

Форумға жиналғандар Қазақстанда соңғы жылдары сақтандыру нарығы айтарлықтай серпіліс жасады деп отыр. Қазіргі жағдайды 15 жыл бұрынғы кезбен салыстыруға мүлде келмейді дейді мамандар. Мәселен, өткен жылы "Сақтандыру нарығын дамыту туралы" заң қабылданды. Сондай-ақ, әлеуметтік бағыттағы жаңа өнімдер енгізіліп, сақтандыру саласын одан әрі сандық жүйеге өткізу үшін заңнамалық жүйе жасалды. Өз кезегінде, Қазақстанның жетекші сақтандыру компанияларының өкілдері елімізде сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының жұмысын танымал ету үшін мұндай кездесулердің өтуі маңызды екенін атап өтті.

"Бұл - біз үшін өте маңызды форум. Біріншіден, бұл - сақтандыру төлемдеріне кепілдік қорының бар екенін тағы бір еске салу. Біздің азаматтар сақтандырылған болса да, сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының қызметі кей адамдарға түсініксіз болып жатады. Сондай-ақ, біз бүгін шетелдік әріптестерімізбен тәжірибе алмастық", - деді "Номад Иншуранс" СК басқарма төрағасы Дәурен Иманжанов.

Шетелдік форум қатысушылары елімізде жеке сақтандыруды дамытудың маңыздылығын атап өтті.

"Өмірді сақтандыру өте маңызды. Бірақ оны кейде қабылдау оңай емес. Қазір Қазақстанда бәрі басқаша. Қазақстандық компаниялар өмірді сақтандыруды дамытуды ынталандыру үшін жақсы жұмыс істей бастады. Бірақ нарықта, әсіресе экономикалық, халықтың сатып алу қабілетінде әлі де мәселелер бар. Бірақ мен өмірді сақтандыру секторының алдағы жылдары қарқынды түрде дамитынына сенімдімін", - деді W&W Consulting USA өкілі Родольфо Вейрхам.

20 жыл ішінде сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесі өзінің тиімділігін дәлелдеді. Мәселен, қор сақтанушыларға 1,13 млрд теңге төледі. Ағымдағы жылдың 1 ші тамызындағы жағдай бойынша 12,84 млрд теңге сомаға кепілдік төлемдерді жүзеге асыру үшін резервтер қалыптастырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу