Алматыда жыл соңына дейін алғашқы электронды табло пайда болады, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
"Әкімдік аялдамаларға цифрлы таблолар орнатуға қарсы емес. Алғашқы табло Тимирязев көшесі бойындағы BRT желісінде жыл соңына дейін пайда болады. Бұл істі көлік холдингі өз мойнына алып отыр. Мегаполис әкімінің тапсырмасына орай біз бұл істі бюджеттен тыс қаржы есебінен орындаймыз және қаланың ірі тораптық аялдамаларын цифрлы таблолармен қамтамасыз етеміз", - деді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Талғат Хосчанов.
Ол өзінің сөзінде 200 мыңнан астам тұтынушының онлайн-режимде карта бойынша көлік қозғалысын "Оңай" қосымшасындағы QR-коды арқылы білетінін жеткізді. 360 мың белсенді қолдаушы CityBus қосымшасын пайдалануда.
Жыл аяғына дейін әр аялдамаға қоғамдық көлік бағытының нөмірі, жұмыс уақыты көрсетілген актуалды ақпарат ілінеді.
Айта кетерлігі, жыл аяғына дейін Алматыда жаңа қоғамдық көліктің үлесі 87 пайызға дейін жететін болады. Өткен аптада қалаға тағы 200 жаңа автобус келді.