Шығармашылық жұмысқа әншінің келіні Марал Бағланова қатысып, өз кеңесін берген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, Медеу ауданында КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, қазақ өнерінің баға жетпес аңызы Роза Бағланованың құрметіне арналған жаңа мурал салынды.
Көркем нысан "Самал-3" шағынауданындағы №21 үйдің қасбетіне салынған. Бұл жобаның басты ерекшелігі мен құндылығы – аты аңызға айналған әншінің өзі кезінде дәл осы үйде тұрған.
Жаңа арт-нысанның пайда болуына жергілікті тұрғындардың өздері себепкер болды. Олардың қала әкімдігіне жасаған ресми өтінішінен кейін, тиісті жұмыстар жедел ұйымдастырылып, суретшілер іске кіріскен.
Әншінің келіні Марал Бағланова дайын болған туындыға жоғары баға беріп, аңыз ананың бейнесін қала көшесінде әдемі үйлестірген барлық ұйымдастырушылар мен суретшілерге отбасы атынан шынайы алғысын білдірді.