Алматыда арқан тарту, қошқар көтеру, асық ату және тоғызқұмалақтан жарыс өтті

1233

Іс-шара барша мұсылманның ұлық мейрамына орай Алматы қаласы дін істері басқармасының ұйытқы болуымен ұйымдастырылды.

Алматыда арқан тарту, қошқар көтеру, асық ату және тоғызқұмалақтан жарыс өтті

Орталық мешіт аумағында өткен жарысқа алматылықтар қатысты, деп жазды inbusiness.kz.

Спартакиада арқан тарту, армрестлинг, кір тасын көтеру, қошқар көтеру, асық ату және тоғызқұмалақ сынды ұлттық спорт түрлеріне негізделді.

Жиналғандардың назарын өзіне аударған – "Қошқар көтеру" сайысы болды. Шын мықтылар бәсекесінде 2 минут ішінде қойды 84 рет көтерген Бауыржан Әбдіқайым жеңімпаз атанды.

Кір тасын көтерген білекті жігіттер де көпшілікті тамсандырды. 24 келілік екі тасты қос иығына салып алып, 55 рет әуелеткен Алмас Бөкенаев бас жүлдені жеңіп алды.

Арқан тартушылар сайысында ұйымшылдық танытқан "Сұңқар" тобының апайтөс жігіттері топ жарды.

Асық атуда ұлттық спортымызды мықты меңгерген Бекзат Әшірбай мергендік танытып, бас жүлдені иеленді.

Ал білекті жігіттердің бәсекесі – армрестлингте Абзал Пірімбек қарсылас шақ келтірмей, тұғыр биігінен көрінді. 

Зияткерлік ойынына баланатын тоғызқұмалақ сайысында Айтжан Бекмұқамбет жеңіске жетті.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер жарыс соңында бағалы сыйлықтармен марапатталды.

"Спорттық жарыстарға деген көпшіліктің ықыласы жыл санап артып келеді. Биыл да мереке күндеріне орай түрлі спартакиадалар өтеді. Солардың ауқымдысы Алматы қаласының мешіт жамағаты арасында өтетін фубол лигасы. Қазір іріктеу сайыстары басталып кетті. Сонау күзге дейін жалғасатын бәсекенің финалы қазан айына жоспарланған. Бүгінгі Құрбан айт мерекесіне орай ұйымдастырылған шарамызға да көпшіліктің ықыласы ерекше екенін көріп отырсыздар. Бастысы осындай игі шаралар арқылы елдің руханияты көтеріліп, мешіт жамағатының бірлігі нығая түседі", – дейді "Ұлттық мұра" бағдарламасының жетекшісі Айдос Багашев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу