Қалалық Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының хабарлауынша, осы күннен бастап көліктерді коммуналдық арнайы тұраққа эвакуациялау үшін бірыңғай тариф енгізіледі. Төлем мөлшерін Алматы қаласының мәслихаты 18 қыркүйектегі кезектен тыс сессиясында бекіткен.
Барлық санаттағы көлікті эвакуациялау құны 3 АЕК, яғни 12 975 теңге болып белгіленді.
Жеңіл автокөлікті арнайы тұрақта сақтау үшін алғашқы тәулікке 2,5 АЕК (10 812,5 теңге), одан кейінгі әр тәулікке 5 АЕК (21 625 теңге) төленеді.
Осыған байланысты көлік иелеріне құқық бұзушылықты жойып, автокөліктерін 3 қазанға дейін арнайы тұрақтан алып кету ұсынылды.
Сонымен қатар жаңа тариф барлық эвакуация жағдайына қолданылмайды. Ол тек Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте көзделген негіздер бойынша ұсталып, коммуналдық арнайы тұраққа жеткізілген көліктерге қатысты болады.