Мониторингтік топтар Алматының "Ashyq" жобасы бойынша жұмыстарына рұқсат етілген 16 мекемесінен норма бұзушылықтар анықтады. Тексеру нәтижесінде компьютерлік клубтарға, СПА, сауналарға, моншалар мен қонақ үйлерге келушілерді қосымшаға тіркеусіз кіргізгені анықталды. Сонымен бірге бұл нысандарда бетперде режимі сақталмаған, деп хабарлайды Inbusiness.kz.
Кәсіпкерлік нысандардың жұмысын тоқтатпау және шектеулерді ішінара алып тастау үшін "Ashyq" жобасы қосылған. Алматыда көптеген кәсіпкерлер осы мүмкіндікті пайдаланғанмен, олардың бәрі бірдей жоба талаптарын орындай бермейтін көрінеді.
Кәсіп иелерінің ішінде QR-кодтарды қағаз жүзінде ғана қолданып, іс жүзінде ысырып қойғандары да кездеседі екен. 17 және 18 -сәуір күндері тексерілген 44 нысанның 16-сынан бұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, "ASHYQ" қосымшасына кіруді тіркеу үшін QR-кодты сканерлемей мекемелерге кіргізу және қызметкерлер мен келушілердің бетперде режимін сақталмауы.
Бұзушылықтардың орын алуына "LORD-GAME", "ТАНКЕР" , "ЕРМАН" ЖК, "CLICKME" , "ЕЛЕУИСОВ" ЖК, "СТРОНГ КИБЕРСПОРТ" ЖК компьютерлік клубтардың, "ЭКВАТОР", "Соколова" сауналарының, "КИТ", "SAU BU", "EM BU SU" моншаларының, "AA PLUS" ЖШС SPA, "TOPSPIN" жаттығу залының, "ASIA THAISPA" СПА-орталықтары мен фитнес-клубтардың, "ABSOLUTE" қонақ үй кешенінің, "GABER" бильярд клубының иелері жол берген.
"Мысалы, "ABSOLUTE" қонақ үйінің ресепшн қызметкері мейманханаға орналасуы үшін қонақтардың тіркеуден өтулері керектігін білмеген. Басқа мекемелердегі бұзушылардың ақталулары осыған ұқсас болды", – дейді тексеріс жүргізушілер.
Карантин шараларын бұзушыларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды, мекемелердің иелерімен "Ashyq" жобасы бойынша жұмыс талаптарын сақтау жөнінде әңгімелесулер жүргізілді.
Осы жылдың 17 қаңтарынан бастап, тесттік режимде "Ashyq" мобильді қосымшасын бірқатар фитнес-клубтары, SPA-орталықтары, сауналар мен ресепшні бар басқа да нысандар пайланатынын естеріңізге саламыз.