Салтанатты ашылу рәсіміне Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов, әкімдік пен қоғам өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ жергілікті әскери басқару органдарының қызметкерлері қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жаңа командаларды қалыптастыру пункті азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру іс-шараларын ұйымдастыру және өткізуге арналған.
Бұл маңызды оқиға алдағы бір жыл Ұлттық ұлан құрамында қызмет ететін 45 жас сарбаздың Ақтау қаласына аттануымен тұспа-тұс келді. Бас штаб бастығы генерал-лейтенант С.Қамалетдинов қатысушыларды маңызды оқиғамен құттықтап, жастардың Отанына қызмет ету жолының дәл осы жинау пунктінен басталатынын атап өтті.
"Жаңа инфрақұрылымдық жобаны іске қосу барлық шақыру рәсімдерін ашық, түсінікті және ең бастысы – азаматтарға ыңғайлы етуге бағытталған. Мұнда шақырылатын азаматтарға толық ақпарат алу, тиісті рәсімдерден өту үшін барлық жағдай жасалған. Бұл жаңа нысан қоғам мен армия, мемлекет пен жастар, бүгін мен болашақ арасындағы маңызды байланыс буынына айналады деп сенемін", – деді Бас штаб бастығы.

Мұнда медициналық тексеру кабинеттері, психологиялық іріктеу бөлмелері, күту және ақпараттандыру аймақтары, акт залы, спорт залы мен асхана бар. Барлығы шақырылатын азаматтар мен қызметкерлер үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Жаңа жинау пунктінің ашылуы мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды арттырып, азаматтардың құқықтарын сақтауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ оларды әскери бөлімдерге жіберу процесін бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.