Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты жаңа оқу жылына талапкерлерден құжат қабылдауды бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Алматыдағы аталған әскери жоғары оқу орны радиоэлектроника, байланыс, ақпараттық қауіпсіздік және автоматтандырылған басқару жүйелері бағыттары бойынша офицерлер даярлайды. Құжат қабылдау 31 шілдеге дейін жалғасады.
Биыл институтқа 280-нен астам курсант қабылдау жоспарланған. Талапкерлер көпсатылы конкурстық іріктеуден өтеді. Оның құрамына Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері, психологиялық тестілеу, медициналық тексеру, дене даярлығын бағалау және арнайы тексеру кіреді.
Конкурсқа қатысу үшін талапкерлер ҰБТ-ның төрт пәні бойынша кемінде 50 балл жинап, іріктеудің барлық кезеңдерінен сәтті өтуі қажет.
Институтта "Әскери істегі радиоэлектроника және инжиниринг", "Әскери істегі радиотехника және инжиниринг", "Әскери істегі автоматтандыру және инфокоммуникациялық технологиялар" және "Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері" мамандықтары бойынша мамандар даярланады.
Сонымен қатар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлескен "Әскери журналистика" және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясымен жүзеге асырылатын "Әскери дирижер" қосдипломды білім беру бағдарламалары бойынша қабылдау жалғасуда.
Оқу толықтай мемлекет есебінен жүргізіледі. Курсанттар жатын орынмен, тамақпен, медициналық қызметпен және әскери киім-кешекпен қамтамасыз етіледі.
Институт түлектеріне "лейтенант" алғашқы офицерлік әскери атағы беріледі. Оқуды үздік аяқтағандарға "аға лейтенант" атағы тағайындалады. Сондай-ақ жас офицерлердің Қазақстан Республикасының Қарулы күштері мен өзге де әскери құрылымдарда қызмет атқаруына мүмкіндік қарастырылған.
Биыл Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты өзінің 25 жылдық мерейтойын атап өтуде. Ширек ғасыр ішінде оқу орны қорғаныс саласының жоғары технологиялық бағыттары үшін мамандар даярлайтын жетекші әскери оқу орындарының біріне айналды.