"Қазгидромет" РМК мәліметінше, Алматыда 8-10 желтоқсан аралығында қар аралас жаңбыр жауып, тұман түсіп, жел күшейеді, сынап бағанасы күрт төмендейді. Циклон өткеннен кейін 11 желтоқсаннан бастап жауын-шашын тоқтап, түнгі температура –13…–15°С-қа дейін төмендейді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ауа райының бұзылуына байланысты қаланың коммуналдық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті. Өндірістік базаларда жүргізушілер, механизаторлар мен жұмысшылар тәулік бойы кезекшілікке қойылды. Бұл туралы Алматының Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының өкілдері айтты.
Тәулік бойы 1000-нан астам арнайы техника мен 2,7 мың жұмысшы жұмылдырылмақ. Еңіс, дөң және өзге де қауіпті учаскеде тайғақты уақытылы анықтап, жою үшін жолға патрульдік бақылау күшейтілді, барлығы 75 жедел бригада кезекшілік етеді. Алматы қаласының Құтқару қызметінің 15 техникасы мен 50 қызметкері, ал Төтенше жағдайлар департаментінің 53 техникасы мен 244 маманы кезекші болуға дайын.
Сонымен қатар қала әкімдігінде, аудан әкімдіктерінде, Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасында, "Алматы Тазалық" кәсіпорнында және мердігер ұйымдарда жұмысты бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Қар жауғанға дейін негізгі магистральдарға көктайғаққа қарсы қоспаларды алдын ала себу жоспарланған.
Көктайғақ кезінде жүргізушілерге жазғы дөңгелектерді қысқыға ауыстыру, жылдамдықты төмендету, қашықтықты сақтау және шұғыл бұрылмау ұсынылады. Тәжірибесі аз жүргізушілер мүмкіндігінше қоғамдық көлікті пайдаланғаны дұрыс. Жүргіншілерге тайғақ тротуарда барынша сақ болып, биік ғимараттардың маңына жақындамау қажет, шатырдан қар түсу қаупі бар. Қала тұрғындарына жолдарын алдын ала жоспарлап, жылы киіну ұсынылады.