Алматы қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымованың айтуынша егер химиялық қоспаны шашыратып сеуіп жүрген кезде адам сол араға жақын жүрсе зияны тиюі мүмкін, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.
"Дезинфекция жұмыстарындағы химиялық қоспа жерге немесе еденге тигеннен кейін тыныс алу органдарына әсер етпейді", – дейді Айзат Молдағасымова.
Ол сондай-ақ, соңғы күндері Алматыда инфекция жұқтырудың бірнеше ошағы анықталғанын, бірақ, олардың жаңа келгендермен емес, ауру белгілері бар адаммен байланыста болғандардан анықталып отырғанын айтып өтті.
"Бүгінде Алматы қаласы бойынша коронавирус инфекциясы анықталған 15 індет ошағы бар. Өткен тәулікте екі ауру жұқтырған науқас қосылды. Олардың бірі бұрын ауру жұқтырған адаммен жақын байланыста болған. Екіншісі қыз бала – Цюрихтан ұшып келген. Ол барлық сақтық шараларын сақтап, үйіне көлікпен барған. Ешқандай туысымен жақын байланыста болмаған. Аурудың алғашқы белгілерін сезген соң бірден емханаға хабарласқан. Оң нәтиже көрсеткен соң, карантинге жатқызылды. Осылайша, бүгінгі күні Алматыда індет жұқтырған 31 науқас анықталып отыр", – деді қаланың бас санитары.
Ол сондай-ақ, қаладағы індет ошағы табылған жерлерді залалсыздандыру шаралары күшейтілгенін, ондағы барлық жағдай жіті бақылауда екенін атап өтті.
"Кеше еліміздің коронавирус инфекциясы тіркелмеген басқа қалаларынан біздің қалаға 82 эпидемиолог көмекке келді. Бүгінде олар 76 тәулік бойы жүргізіп келе жатқан қауіпті індетке қарсы күресті бізбен бірге бастап кетті. Олар да біздің мамандар секілді қорғаныш костюмдерімен, маскалармен, респираторлармен, көзілдірікпен, қолғаптармен және жұмысқа қажетті медициналық құралдармен қамтамасыз етілген", – деді А. Молдағасымова.
Алматы қаласының бас санитар дәрігері қала тұрғындарын 1406 телефоны бойынша қаланың барлық мекемелері мен ұйымдарының жұмысында байқалған қандай да бір кемшіліктерді байқаса, бірден хабарлауға шақырды. Егер тамағыңыз ауырып, құрғақ жөтел, температураның пайда болуы сияқты симптомдар пайда болса жедел жәрдем шақырыңыз деп кеңес берді.