Алматы қаласында бір айдан кейін су және кәріз жүйесіне төленетін тариф бағасы тағы көтерілмек. Шаһарды суық су және кәріз жүйесімен қамтып отырған "Алматы су" мекемесі тиісті органдарға өтініш беріп те қойған, деп хабарлайды "Алматы" телеарнасы.
"Алматы Су" мекемесі мұндай қадамға баруын салық мөлшерінің артуымен, құбыр жүйелерінің ескіруімен байланыстырады. Тарифті 20 пайызға көтерсе, қызмет көрсету сапасы да артып, жұмысшылардың жалақысы да көтерілмек екен.
"Департамент осыны бекітсе, біздің мекеме, біздің кәсіпорын шығынсыз жұмыс істеуге және мына тозығы жеткен құбырлардың санын азайтуға, халыққа көрсететін қызмет сапасын жоғарлатуға, біздің мекеменің жұмыскерлеріне аздап болса да жалақысын көтеруіне септігін тигізеді", - дейді "Алматы су" МКК баспасөз хатшысы Серік Шагиров.
Тұтынушылардың су мен кәрізге төленбеген 200 миллион теңгедей қарызы бар. Қазір тұрғындар судың бір текше метріне құн салығын қоспағанда - 49, ал кәрізге 25 теңге төлейді. Егер, құзырлы орган монополистердің сұранымын құптаса, онда су бағасы 60-теңгеге дейін артып, кәріз құны - 37 теңгеге жетпек.
"Қазіргі таңда, квитанциясында су мен кәріз қызметі бір үйде үш адам тұрса, 400-500 теңгені құрайды. Ал, көтерілгеннен кейін - 100 теңгеге ғана өседі. Яғни, мына су және кәріз қызметін көтерген жағдайда да біздің тұрғындардың қалтасына салмақ түспейді", - деді Серік Шагиров.
Ал тәуелсіз сарапшылар пікірі керісінше.
"Тарифтердің өсуі инфрақұрылымды жаңартуға, болмаса басқа да шығындарды жабады дегенге сену қиын. Инфрақұрылымдарға қомақты инвестиция керек. Әрине, тарифтер көтерілсе халықтың қалтасын қағады. Тұтынушылар арқылы қаржы жиналғанымен, оның көздеген мақсатқа жұмасала қоймайтынын көзбен көріп жүрміз", - деді сарапшы Меруерт Махмұтова.
2014 жылдан бері өзгертілмеген тариф көлемінің өсу не өспеуі алдағы ақпан айында белгілі болады. Айдың соңында табиғи монополияларды реттеу департаменті нақты шешім шығаруға тиіс.