Алматыда автобустағы адам кептелісіне қатысты басқарма жауап берді

185

Threads желісінде алматылық тұрғын №38 автобустың іші лық толғандықтан есік жабылған кезде аяғын қысып қалғанын жазды.

Алматыда автобустағы адам кептелісіне қатысты басқарма жауап берді Фото: Видеодан скриншот

Соңғы уақытта Алматыда қоғамдық көліктердің шамадан тыс толып кетуіне қатысты тұрғындардың шағымы көбейді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қаладағы көлік басқармасының мәліметінше, бұған дейін №38 автобустың қозғалыс кестесі қайта қаралған. Атап айтқанда, рейстер саны көбейтіліп, автобустардың аялдамада тұру уақыты қысқартылған. Алайда бұл шаралар мәселені толық шешпей отыр.

Басқарма өкілдері мұны жолдардағы көлік жүктемесінің жоғары болуымен түсіндірді. Әсіресе қарбалас уақытта кептеліс салдарынан автобустардың қозғалысы баяулап, кестеден ауытқиды. Соның салдарынан аялдамаларда жолаушылар жиналып қалады.

"Маршруттар санын көбейту және қозғалыс кестесін өзгерту жолдардағы көлік жүктемесі бұрынғы деңгейде қалған жағдайда мәселені өздігінен толық шеше алмайды. Тіпті бағытқа жеткілікті автобус шығарылғанның өзінде, кептеліс олардың айналым уақытын ұзартып, қозғалыс тұрақтылығы мен белгіленген аралықтардың сақталуына әсер етеді", – деп түсіндірді басқарма өкілдері.

Қалалық көлік басқармасы рейстер саны артқанын, соның арқасында аялдамадағы күту уақыты қысқарғанын мәлімдеді. Алайда кептеліс салдарынан автобустардың жүру аралығы қайта ұзартып, аялдамаларда жолаушылар көбейіп кетеді.

Қысқасы, автобус саны көбейгенімен, кептеліс мәселесі шешілмейінше жағдайдың түбегейлі өзгеруі қиын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу