Алматыда Әзербайжан мен Армения республикасының сыртқы істер министрлері Джейхун Байрамов пен Арарат Мирзоян арасындағы келіссөз аяқталды. Дипломаттар Алматы Достық үйінде өткен келіссөз екі мемлекет арасында бейбітшілік орнату туралы екіжақты келісім жобасын талқылауға көмектескенін атап өтті.
"Министрлер мен олардың делегациялары Әзірбайжан мен Армения арасындағы бейбітшілік пен мемлекетаралық қатынастарды орнату туралы екіжақты келісім жобасының ережелерін талқылады. Тараптар әлі де келісілмеген мәселелер бойынша келіссөзді жалғастыруға келісті", - делінген Әзірбайжан СІМ мәлімдемесінде.
Министрлер делимитация бойынша ілгерілеуді, сондай-ақ осы бағытта қол жеткізілген келісімдерді құптады.
"Сапар барысында министрлер Қазақстан премьер-министрінің орынбасары, сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен жеке және үшжақты форматта кездесті", - делінген хабарламада.
Екі мемлекеттің сыртқы істер ведомстволарының басшылары Джейхун Байрамов пен Арарат Мирзоян келіссөз алаңын ұсынған Қазақстанға алғыс білдірді.
Еске салайық, 10 мамыр күні Әзербайжан мен Арменияның cыртқы істер министрлері келіссөз жүргізуге Алматыға келген болатын.
Айта кетейік, сәуір айында Ереванда өткен келіссөздер барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Армения Премьер-министрі Никол Пашинян Оңтүстік Кавказда тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аударған болатын.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы бұл кездесу әзербайжан-армян уағдаластығының нақты жүзеге асуына жол ашып, жуық арада Оңтүстік Кавказда тұрақты әрі ұзақмерзімді бейбітшіліктің орнауына ықпал ететінін айтқан еді.
Бұған дейін Қазақстан келіссөз өткізу үшін алаң ұсыну арқылы жәрдем көрсетуге дайын екенін мәлімдеген.