Алматыда қарттардың құлағынан сырғаларын жұлып алып, тонап жүрген ер адам қамауға алынды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
37 жастағы қарақшы өтіп бара жатқан адамдардың көзінше, әжелерге шабуыл жасаған. Оның кей іс-әрекеті бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
“Қаскөй өзіне қарсы тұра алмайтын, 60 жастан асқан әйелдерді ғана тонаған. Күдікті қамауға алынды. Бұл – 37 жастағы Б.есімді азамат. Еш жерде жұмыс істемейтін, бұрын істі болған азамат әжелердің сырғаларын ломбардқа тапсырып, одан түскен ақшаны өз қажеттілігіне жұмсағанын айтты. Аталған дерек бойынша көп эпизодты қылмыстық іс қозғалып жатыр”, – деді Алмалы аудандық Полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов.
Белгілі болғандай, Түркістан облысының тумасы Алматыға жұмыс істеуге келген. Қалада жалдамалы пәтерлерде тұрған. Ол бұрын да осыған ұқсас қылмысы үшін істі болған. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, ал тергеушілер оның бұрын жасаған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.