Алматыда сауда саласына қойылған шектеу кеңейтілді. Үлкен-кішілігіне қарамастан тағам сатылмайтын нысандар жабылды, деп хабарлайды Atameken Business.
Жаңа режимге сәйкес тек азық-түлік дүкендері мен дәріханалар ғана жұмыс істейді. Сонымен бірге, рұқсат етілген сауда орындарында сатушылар ғана емес, сондай-ақ келген тұтынушылар да бетперде киіп жүруге міндеттелді.
Айта кетейін, бүгін Нұр-Сұлтан қаласында да қоғамдық көліктердің қозғалысы шектелді. Елордада енді автобустар, бұрынғыша 9-ға дейін емес, кешкі 7-ге дейін ғана жүреді. Бас қаладағы жолаушылар автобусына жауапты компанияның мәліметінше, алдағы 28 наурыздан бастап қалаға жатпаса да, карантиндік аймаққа кіретін Қосшы, Жібек Жолы, Талапкер, Қоянды, Қызылсуат, Ыбырай Алтынсарин мен Нұрлы ауылдары бойынша да барлық бағыт тоқтатылады. Ал егер шектеу одан ары қатаңдатылған жағдайда Нұр-Сұлтан қаласындағы қоғамдық көлік қозғалысына толықтай тыйым салынуы да мүмкін.