Алматы әкімі Ерболат Досаев Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесті.
Жиында аудан тұрғындарының бірі Baganashil Hills коттедж қалашығына қатысты мәселе көтерді.
"Мен Бостандық ауданында "Алатау-2" бау-бақша серіктестігінде тұрамын. Менде бұрынғы сайдың орнында Baganashil Hills коттедж қалашығын салу туралы сұрағым бар. 15 жыл бұрын бұл жыра толтырылды. Енді олар коттедж қалашығын салуды жоспарлап отыр - 74 коттедж бой көтермек. Құрылыстың салдарынан кейбір көршілердің үйлерінің қабырғалары жарылып жатыр. Бірнеше жылдан кейін бұл барлығына қиындық тудыруы мүмкін, өйткені жыра – құрғаған өзен арнасы. Бұл су қайта ағуы мүмкін, оны кез келген су маманы растай алады", - деді аудан тұрғыны.
Оған Алматы қаласы қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы Бақытжан Наурызбеков жауап берді.
"Бүгінгі күні біз құрылысты бұзу үшін сотқа жүгіндік. Онда 10-ға жуық нысанның - ЖТҚ, екі қабатты үйлердің құрылысы заңсыз басталды. Құрылысқа тыйым салу бойынша талап-арыз дайындалу үстінде", - деді жауапты ведомство басшысы.