Алматыда балалар еңбегін пайдалануға қарсы ұлттық ақпараттық науқан өтеді

837

Телеграмм мессенджерінде "Bala Qorgay" чаты құрылған.

Алматыда балалар еңбегін пайдалануға қарсы ұлттық ақпараттық науқан өтеді

Алматы қаласының білім беру сапасын қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Омарова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделерін қорғау шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Білім беру сапасын қамтамасыз ету департаментінің өкілі жыл сайын 1-12 маусым аралығында "Балалар еңбегін пайдалануға қарсы 12 күн" ұлттық ақпараттық науқаны өткізілетінін хабарлады. 

Іс-шаралар аясында білім беру органдарының өкілдері, полиция қызметкерлері кәсіпкерлерге кәмелетке толмағандарды еңбекке заңсыз тарту жазаланатынын еске салатын болады.

"18 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар түнде жұмыс істей алмайды. 16 жасқа дейін еңбек шартына ата-аналардың бірі қол қоюы керек. ҚР Еңбек кодексіне сәйкес 14-16 жастағы балалар аптасына 24 сағаттан, ал 16-18 жастағы жасөспірімдер 36 сағаттан артық жұмыс істемеуі 
қажет",-деді Гүлдана Омарова.

Департамент өкілі дағдарыс жағдайында балалар мен жасөспірімдер, сондай-ақ олардың отбасылары департаменттің жедел желісіне: 225-18-80 нөміріне қоңырау шала алатынын айтады.

"Егер сіз балалардың денсаулығына, қауіпсіздігіне зиян келуі мүмкін қызметтерге тарту жағдайлары туралы білсеңіз, әрқайсымыз бұған бей-жай қарамай, хабарлауыңыз керек. Біз әр баланың құқығын бірлесіп қорғаймыз", - деді Гүлдана Омарова.

Сонымен қатар, спикер 2019 жылы Телеграмм мессенджерінде "Bala Qorgay" чаты құрылғанын хабарлады. Ол кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылық немесе қатыгездік фактілерін тіркеуге арналған. Желі парақшасын ашу бастамасы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне тиесілі. Оған қосылу үшін қосымшаның іздеу жолына bala_qorgau деп теру керек.

"Өткен аптада "Bala Qorgay" чатына 63 сұрақ түсті. Шұғыл әрекет ету шаралары қабылданды. Мысалы, ата - аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаға көмек көрсетілді", - деді Гүлдана Омарова.

Бұл ретте келіп түскен мәселелердің негізгі бөлігі құқықтық ақпараттандыруға қатысты. Кері байланыс тәулік бойы, демалыссыз жұмыс істейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу