Қаланың әртүрлі аудандарындағы ашық алаңдағы концерттік-ойын-сауық бағдарламаларынан бөлек мегаполис тұрғындары мен қонақтарына қаланың көрнекті мәдени нысандарында өтетін жаңа жылдық қойылымдарды тамашалауға мүмкіндік бар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақ мемлекеттік циркінде 2024 жылдың 14 қаңтарына дейін Golden Dragon бағдарламасы өтеді. Көрермендердің назарына әуедегі өнер, сиқырлы құбылулар, шимпанзе-акробат, сондай-ақ Еуропаның үздік әртістері өз өнерін ұсынады. Цирк қойылымы демалыс күндері сағат 16:00-де өтеді. Билет құны 1 500 теңгеден басталады.
Мемлекеттік қуыршақ театрында "Жарқырай түс, Жаңа жыл!" атты бағдарлама қойылымы басталды. Жас көрермендер мен олардың ата-аналарын Аяз Ата мен Ақшақардан басқа Хаги-Ваги, Киси-Миси, Тикток, YouTube, Cameraman, TV-man және т.б сүйікті кейіпкерлері күтеді.
Қойылым 24-30 желтоқсан аралығында күн сайын сағат 16:00-де, жекелеген және қосымша көрсетілімдер сағат 10:00-де немесе 12:00-де өтеді. Жаңа 2024 жылы бағдарламаны 7 қаңтарға дейін ұзарту жоспарлануда. Билет құны 3 000 теңгеден басталады.