Алматыда балаларға арналған жаңа спорттық кешен ашылды

Нысанда бір уақытта 500 бала жаттыға алады. 

Алматыда балаларға арналған жаңа спорттық кешен ашылды Фото: Алматы қаласы, кәсіпкерлер палатасы

Алматы қаласының іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Шынар Бугимбаеваның айтуынша, жоба "Дені сау ұлт, дені сау балалар" идеясын қолдауға бағытталған.

Жобаны төрт баланың анасы және 1500-ден астам әйел жұмыс істейтін Qaganat желісі жетекшісінің бастамасымен жүзеге асырылды.

"Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытуға зор көңіл бөледі. Біз балаларымыздың үйден қол созым жерде спортпен шұғылдану мүмкіндігіне ие болғанын қалаймыз. Алматыда Наурызбай ауданы қарқынды дамып келеді, мектептер мен гимназиялар салынып жатыр. Бұл осы аудандағы алғашқы толыққанды спорт кешені. Біз басқаларға үлгі болғымыз келеді", – деді Шынар Бугимбаева.

Ашылу салтанатына қазақ күресінен "Қазақстан Барысының" турнирінің тұңғыш чемпионы Ұлан Рысқұл және дзюдодан Азия жүлдегері Елдос Жұмаханов қатысты. Чемпиондар жас спортшыларға сәттілік, жігер мен шыдамдылық тіледі.

"Бүгін біз балалар өз әлеуетін дамыта алатын заманауи кешеннің ашылғанына куә болдық. Кез келген өңірге спорт кешені артық етпейді. Сондықтан спорт кешені, бассейн немесе басқа да спорт нысандар тұрғындардың игілігіне қызмет етеді. Мұндай құрылысты тек мемлекет салу керек деген түсінік жоқ. Кәсіпкерлер ашып, көп адамды жұмыспен қамтиды. Балалардың бос уақытында баратын орны болады. Сол себепті кәсіпкерлер мұндай нысандар салса қолдаймыз. Кәсіпкерлер палатасы ретінде сүйемелдеу және қолдау, кеңес беруге әзірміз", – деді Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының өкілі Нияз Жалғасұлы.

Спорт кешенінде көпбалалы отбасылар үшін жеңілдікті абонементтер қарастырылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу