Алматыда балаларға қол көтерген №37 балабақша тәрбиешісі жұмысынан шығарылды. Балабақша меңгерушісіне сөгіс жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
2 мамырда болған оқиғаның видеосы әлеуметтік желіге тарап кетті.
Бейнекадрда ересек әйел 3-4 жас шамасындағы баланы жатын бөлмеден сүйреп шығып екінші бөлмеге апарып аяқ киіммен ұрғаны түсіп қалған. Артынан төсегіне жатып ұйықтай қоймаған екінші баланы да ұрып жатқаны көрінеді.
Таяқ жеген баланың ата-анасы ішкі камера жазбаларын тексеру кезінде бұл сұмдық жағдайды көріп, наразылық тудырды. Кадр сыртында тәрбиешінің жалынып, полиция шақырмауын сұрап жылаған даусы естіледі.
Аталған оқиғаға байланысты қалалық білім беру басқармасы түсінік берді.
"Бұл оқиға 2 мамырда кіші балалар тобында болған. №37 балабақшаның тәрбиешісі педагогикалық тәрбиеге жат қылық көрсеткен. Анасы баласының көгерген бетін көріп, 3 мамырда балабақша меңгерушісіне шағым айтқан. Балабақша меңгерушісі мен анасы ішкі камера жазбаларын қарап шыққан. Кадрлардың бірінен тәрбиешінің қол көтергені анық болды", – деді қалалық білім беру басқармасынан.
Балабақша тәрбиешісі ҚР Еңбек кодексінің 52-бабының 14 пунктімен жұмыстан босатылды.
Сонымен қатар, бақшада аталған дерекке байланысты өндірістік жиын өтті.
Ал балабақша меңгерушісіне ұжымның тәрбітін қадағалауды қолдан шығарып алғаны үшін сөгіс жарияланды.
Мектепке дейінгі білім беру ошағының жұмысы қалалық Білім беру басқармасының қатаң бақылауына алынды.