Алматы қалалық полиция департаментінің дерегінше, бейтаныс ер адам кәсіпкерден жалған қарыз есебінен 260 мың доллар бопсалап, физикалық күш көрсетіп, қорқытқан, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Бұл дерек жедел және арнайы іс-шаралар барысында расталды. 1981 жылы туған Н.есімді азамат күш көрсетемін деп қорқытып, кәсіпкерден ірі көлемде ақша талап еткен. Полицияның арнайы жасақтарының қатысуымен өткізілген іс-шара нәтижесінде күдікті қылмыс үстінде ұсталды. Рұқсат етілген тінту кезінде қаражат тәркіленіп, ҚР ҚК-нің 194 бабы 4 бөлігінде көзделген қылмыс белгілері бойынша қылмыстық іс материалдарына тіркелді. Күдікті қамауға алынды", – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Берік Әбілбеков.
Полиция қызметкерлері арнайы іс-шараны бір күн бұрын кешкі 22:30-да Әл-Фараби даңғылында орналасқан дәмханалардың бірінде жүргізген. Күдіктінің осы маңда тұратыны анықталды, сондықтан ол “кездесуді” өзіне ыңғайлы жерге тағайындаған. Ұсталған азамат жасаған қылмысын мойындады.
Құралай Құдайберген