Алматы қалалық Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының дәрігерлері бесінші қабаттан құлап, ауыр жарақат алған төрт жасар балаға күрделі нейрохирургиялық ота жасап, оның өмірін аман алып қалды.
Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүлдіршін ауруханаға өте ауыр жағдайда түскен.
Тексеру кезінде дәрігерлер оның денесінде бірнеше ауыр жарақат барын, соның ішінде бірінші бел омыртқасының сынып, жұлынға қысым түсіргенін анықтаған.
Мамандар баланың жағдайына байланысты емді екі кезеңмен жүргізуге шешім қабылдаған. Алдымен нейрохирургтер жұлынға түскен қысымды азайту үшін ота жасап, кейін арнайы металл конструкциялардың көмегімен бел омыртқасын бекіткен.
"Дер кезінде жасалған емнің арқасында баланың қозғалу және сезіну қабілетін сақтап қалдық. Қазір оның қозғалысы қалпына келді. Оңалту курсынан өткеннен кейін өздігінен жүре алады", – деді нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Айдын Нүсіпқожаев.
Қазіргі таңда кішкентай науқастың жағдайы айтарлықтай жақсарған. Дәрігерлердің айтуынша, стационарлық ем аяқталған соң ол үйіне шығарылып, амбулаториялық бақылау мен оңалту емін жалғастырады.