8 желтоқсанға қараған түнi Алматының тау бөктеріндегі аудандарында қар жауып, күн суытты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазгидромет" РМК дерегінше, 9 желтоқсанда жаңбыр, жабысқақ қар, тұман түсіп, жел күшейіп, көктайғақ пайда болуы мүмкін. Ал 10 желтоқсанға қараған түні қалада 6-9 см, ал таулы аймақта 15-20 см-ге дейін қар түсетіні болжанған.
"8 желтоқсан түнінде көше-жол желісіне көктайғақтың алдын алу мақсатында арнайы қоспалар себілді. Жұмыс тәулік бойы ұйымдастырылып, арнайы техника мен жедел бригадалар жұмылдырылды", – деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Әкімдіктің мәліметінше, түнгі жұмыс кезінде 1 000-нан астам арнайы техника, 2,7 мың жұмысшы және 75 жедел бригада кезекшілік атқарды. Еңісте, дөңде және көктайғақ жиі пайда болатын аймақтарға патрульдік бақылау күшейтілді. Алматы құтқару қызметі 15 техника мен 50 қызметкерді, төтенше жағдайлар департаменті 53 техника мен 244 қызметкерді тартты.
"Жұмыс барысында барлығы 553,4 тонна көктайғаққа қарсы материал қолданылды. Ең ауқымды жұмыс көктайғақ қаупі жоғары саналатын Бостандық және Медеу аудандарында жүргізілді", – деп хабарлады қала әкімдігі.
Алматы әкімдігі, аудан әкімдіктері, Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы, полиция департаменті, "Алматы Тазалық" кәсіпорны және мердігер ұйымдар жолдың жайын тәулік бойы бақылап отыр. Алдағы күндері ауа температурасы төмендеген жағдайда магистральдық көшелерге қосымша қоспа себіледі.