Алматыда бірқатар кәсіпорынның жұмысы қайта жанданды

1276

Тек арнайы тексерістен өткен кәсіпорын қызметкерлеріне ғана қала ішінде жүруге рұқсат беріледі.

Алматыда бірқатар кәсіпорынның жұмысы қайта жанданды

20 сәуірден бастап Алматыда өнеркәсіптік кәсіпорындар, құрылыс нысандары және заңды тұлғаларға қызмет көрсету үшін ХҚКО өз жұмысын бастады. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады. 

"Осы саладағы кәсіпорындар арнайы аудиттен өткеннен кейін және кәсіпорындардың дайындығы және барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау туралы оң шешім қабылданғаннан кейін іске қосылды. Тексеруді жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің, "СЭС" мамандары және "Атамекен" ҰКП қызметкерлерінің жұмыс топтары жүргізеді. Аталған кәсіпорындар жұмысы іске қосылғаннан кейін олар бақылауға алынады және тәртіп бұзушылықтар анықталған жағдайда оларға қызметін тоқтатуға дейін шара қолданылады. Қызметкерлерді COVID-19 індетінен қорғау жөніндегі іс-шаралардың толық тізімі қаланың барлық өнеркәсіп және құрылыс нысандары үшін әзірленген", – деп жазылған хабарламада. 

Сонымен қатар жұмысы жанданатын кәсіпорындарға қызметкерлерін медициналық тексерістен өткізу бойынша бірқатар талап қойылған.

"Тепловизорлардың көмегімен денсаулық жағдайына байланысты сауалнама жүргізу арқылы күнделікті ауысым алдындағы медициналық тексеру талап етіледі. Барлық қызметкерлерді медициналық бетперделер және қолғаптармен, дезинфекциялаушы орамалдармен, сонымен қатар тері антисептиктерімен, санитайзерлермен қамтамасыз ету қажет. Жұмысшылардың топ болып жиналмауын қадағалау керек. Олар барынша арақашықтықты сақтауға міндетті. Респираторлық ауру белгілері (жоғары температура, жөтел) және басқа да жұқпалы аурулар белгілері байқалған қызметкерлерді жұмысқа жіберуге тыйым салынады. Бұл жағдайда қызметкерді дереу оқшаулап, жедел медициналық жәрдем бригадасын шақыру қажет", – деп жазылған әкімдік таратқан хабарламада. 

Кәсіпорынның карантин жағдайында жұмыс істеуге дайындығы тексерілгенне кейін ғана онда жұмыс істейтін қызметкерлер мен олардың көлік құралдары туралы деректер infoalmaty.kz базасына енгізіліп, қала ішінде жүрулеріне рұқсат беріледі.

Құралай Құдайберген

Фото авторы: Алмаз Толеке

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу