Алматыда бірқатар нысанның құрылысы кешіктіріліп жатыр

Ерболат Досаев салынып жатқан проблемалы нысандарды аралады. 

Алматыда бірқатар нысанның құрылысы кешіктіріліп жатыр Фото: Almaty.tv

Алматы әкімі Ерболат Досаев құрылыс-монтаж жұмыстары мерзімінен кешігіп жатқан әлеуметтік нысандарды аралады.

Атап айтқанда, № 9 мектеп-интернаты мен балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының жаңа ғимараттары, скейтпен сырғанау үшін салынып жатқан аймағы бар жаңа саябақ, сондай-ақ Гагарин даңғылы бойындағы жылу магистралінің жөнделетін учаскесі бар.

Бірінші нысанда әкім сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған № 9 мектеп-интернаттың жаңа ғимаратын қарап шықты. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2021 жылдың 20 шілдесінде басталды. Мердігерлік ұйым құрылысты өткен жылдың соңына дейін аяқтауы керек еді. Желтоқсан айында "Barat & Co" ЖШС мердігеріне қатысты (құрылысты аяқтау мерзімін бұзғаны үшін) сотқа талап арыз берілді. Сот талқылауынан кейін жұмыстар қайта жанданды. Бүгінгі таңда нысан 95%-ға аяқталды. Ерболат Досаев құрылыс және білім басқармалары басшылығының назарын балаларды инклюзивті оқыту үшін ғимараттың жайлылығына әсер ететін нақты кемшіліктерге аударды.

Әкімнің тапсырмасы бойынша қосымша бюджет қаражаты бөлінген оқу корпусын жарақтандыруға ерекше назар аударылды. Әкім атап өткендей, мектеп 2023 жылдың шілде айының соңына дейін тапсырылуы тиіс және әкімдік барлық сәйкессіздіктер толық жойылғанға дейін мердігердің жұмысын қабылдамайды.

Алматы әкімі қалалық нысандарды аралау барысында құрылысы 2021 жылдың тамыз айында басталған Бостандық ауданындағы балаларға шұғыл көмек көрсету орталығының жаңа корпусының ғимаратын аралады. Мердігер жұмысты 2022 жылдың желтоқсанында аяқтауы керек еді, бірақ нысан уақытында тапсырылмады. 2023 жылдың наурыз айында әкімдік пайдалануға беру мерзімдерінің бұзылуына байланысты "Ақ ордасы корпорациясы" ЖШС-на сотқа талап арыз берді. Нысандағы жұмыстар жаңартылып, күшейтілген режимде жүргізілуде. Бүгінгі таңда нысандағы жұмыстар 85 -ға аяқталды, жабдық 96% -ға сатып алынды. Әкім жаңа корпус ғимаратының құрылысын тамыз айының соңына дейін аяқтауды, бұл ретте жақын орналасқан № 12 аурухананы ескере отырып, Орталық ғимаратына бірыңғай кіру аймағын ұйымдастыру мәселелерін алдын ала пысықтауды тапсырды. Жалпы, қуаттылығы тәулігіне 300 келуші болатын жаңа корпус балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Ерболат Досаев Алмалы ауданындағы жаңа саябақ аймағына барды. Нысанды абаттандыру бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары 2022 жылдың көктемінде басталып, 2023 жылдың 1 шілдесінде тапсырылуы керек еді. Бүгінгі таңда жұмыстың 95%-ы орындалды. Коньки паркінің құрылысы аяқталу сатысында. Тексеру барысында әкім нысанның құрылыс нормалары мен ережелеріне толық сәйкестігін тексеруді тапсырды. Қалалық басқармалар коньки паркін салу үшін қажетті бетон құю технологиясын сақтауды ерекше бақылауға алуы керек. Бар кемшіліктер тамыз айының басына дейін жойылуы тиіс.

Сондай-ақ, қала әкімі Гагарин даңғылы бойындағы жылу кешені-1-6-дан жылу энергиясының орталық транзиттік-бөлу пунктіне дейінгі жылу магистралін қайта жаңарту қарқынын тексерді. Бұған дейін тұрғындар жұмыстар төмен қарқынмен жүргізіліп жатқаны туралы хабарлаған болатын. Осы учаскеде жылу магистралінің 17 зақымдануы анықталды, 2023 жылдың маусым айында күрделі жөндеу басталды. Қазіргі уақытта Гагарин даңғылында траншеяны әзірлеу жұмыстары 100% аяқталды. Әкім Гагарин даңғылындағы жұмысты аяқтап, тамыз айының соңына дейін қозғалысты ашуды тапсырды. Бұл магистраль жыл бойы 60 нысанды жылумен қамтамасыз етеді, оған 19 көппәтерлі тұрғын үй, екі балабақша және басқа 39 нысан кіреді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу