Мұны kazinform сауалына жауап берген Almaty parking мекемесі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қалалық мобильділік басқармасына қарасты мекеме мегаполисте бүгінгі күні тротуар түріндегі 12 мың орын, алаң түріндегі 6 мың орын автотұрақ бар екенін мәлімдеген. Қала бойынша тұрақтардың бағасы (сағаты) –100 теңге. Тек Жасыл базар аумағының жанында ғана 150 тг/сағат құны бекітілген.
Автотұрақ саны ең көп аудан (6 мыңға жуық) Алмалы болса, ең аз орналасқаны – Наурызбай ауданы, мұнда 75 ғана орын бар.
– Қалалық кеңістікті тиімді пайдалану, көлік инфрақұрылымын жақсарту және автотұрақ орындарының тапшылығы мәселелерін шешу мақсатында "Алматы паркинг" КМК Медеу ауданы әкімі аппаратымен және Алматы қаласының Қалалық мобильділік басқармасымен бірге "Самал-1" шағын ауданында жер учаскесін таңдады. Бұл жер учаскесі көпқабатты механизацияланған автотұрақтарды салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге берілді. Жұмыс жобасына сәйкес, аулалық аумақтардың жүктемесін босату үшін 48 көлікке арналған механизацияланған автотұрақ ұйымдастыру жоспарланып отыр, – деп хабарлады Almaty parking мекемесі.
Мұнан бөлек, аталған мекеменің мәлімдеуінше, Алматы қаласының Құрылыс басқармасы "Көктем-3" шағын ауданында (Бостандық ауданы) көпқабатты автотұрақты салуға арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстарын аяқтап жатыр. Бұл 207 көлік орнына арналған алғашқы коммуналдық автотұрақ саналмақ.