Алматыда биыл 15 бала магнит жұтып, ауруханаға түскен

409

Дәрігерлер бірнеше магниттің ағза ішінде бір-біріне тартылып, ішкі ағзаларды зақымдауы мүмкін екенін ескертті.  

Алматыда биыл 15 бала магнит жұтып, ауруханаға түскен Фото: kaz.inform.kz

Алматыда балалардың магнит жұтып қою жағдайлары жиілеп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жыл басынан бері мұндай жағдаймен Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына 15 бала жеткізілген. Бір кезекшіліктің өзінде үш балаға шұғыл ота жасауға тура келген. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

Ведомство мәліметінше, алғашқы науқас – ішінің ауырсынуына шағымданған 2 жастағы бала. Тексеру кезінде оның ағзасынан бөгде заттар анықталған. Шұғыл операция барысында хирургтер баланың ағзасынан 25 магнит алған.

Бірнеше сағаттан кейін ауруханаға құсу және ішінің ауырсынуына шағымданған 2,5 жастағы бала жеткізілген. Оған да шұғыл ота жасалып, ағзасынан 9 магнит алынған. Операциядан кейін бала 10 күн стационарда емделген.

– Үшінші бала сол кезекшілік кезінде таңға жуық, кезекшілік аяқталар тұста түсті. Жасы 4-ке толмаған. Іші қатты ауырып, әлсіздік пен құсу белгілері байқалды. Тексеру барысында асқазан-ішек жолынан көптеген бөгде зат анықталды. Баланың аш ішегінен 59 магнит алып шыққан кезде мұндай жағдай дәрігерлердің өзін таңғалдырды. Медициналық көмекке жүгінген сәтте қауіпті заттар аш ішектің қабырғасын тесіп үлгерген. Бұл 1 тамыздағы кезекшілік кезінде жасалған ең күрделі оталардың бірі болды, – деді Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы қабылдау бөлімінің хирургі Айбол Сұлтанбеков.

Дәрігерлердің айтуынша, бірнеше магнитті қатар жұту аса қауіпті. Олар ағза ішінде бір-біріне тартылып, ішкі ағзаларды зақымдауы мүмкін. Мұндай жағдай ауыр асқынуларға әкеледі.

Мамандар ата-аналарға магнитті шариктер мен осыған ұқсас ойыншықтарды кішкентай балалардың қолы жетпейтін жерде сақтауды және олардың немен ойнап жүргенін үнемі бақылауды ескертті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу