Алматыда биыл 2 мыңнан астам орынды қамтитын бірнеше балабақша ашылды

754

Шаһарда тағы 335 балабақша салу жоспарлануда. 

Алматыда биыл 2 мыңнан астам орынды қамтитын бірнеше балабақша ашылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2025 жылға қарай алты жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі оқумен қамту 100% -ды құрауға тиіс. Осы көрсеткішке қол жеткізу үшін Алматы қаласында көптеген жобалар әзірленуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн–брифинг барысында Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Айсұлу Ботаева мәлімдеді.

Кезең-кезеңмен жүргізіліп жатқан жүйелі шаралардың нәтижетінде мектепке дейінгі мекемелердегі орын тапшылығы мәселесі шешілуде. Мысалы, 2020 жылы Алатау, Алмалы, Түрксіб және Бостандық аудандарында 670 орынға шақталған төрт мемлекеттік мектепке дейінгі ұйым ашылды. Сонымен бірге, 1378 орындық 48 жекеменшік мектепке дейінгі мекеме жұмыс істей бастады. Сондай-ақ, мемлекеттік балабақшаларды қайтару бойынша шаралар қарастырылған. Қазіргі уақытта Әуезов ауданындағы "Сказка" балабақшасының ғимараты жалға беруден қайтарылды. 2021 жылы 320 орынға есептелген он төрт топтан тұратын мемлекеттік балабақша ашу жоспарлануда. 

"Алматы қаласында балабақша кезегін азайту үшін соңғы 3 жылда 1950 орынға арналып 10 мемлекеттік балабақша салынды. Жекеменшік мектепке дейінгі мекемелерді ашу үшін барлық жағдай жасалуда және соңғы 3 жылда 9368 орынға арналған 380 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым ашылды", - деді Айсұлу Ботаева.

Бұған қоса Алматыда 2021-2025 жылдар аралығында 15 мемлекеттік және 324 жекеменшік балабақшаның құрылысы жоспарланған.

Бүгінгі күні Алматыда 65 080 баланы қамтитын  824 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның ішінде: мемлекеттік балабақшалар – 189, жекеменшік балабақшалар – 399, шағын орталықтар-236. 2020 жылы бір жастан алты жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 63,5%-ды, бұл ретте үш жастан алты жасқа дейінгі балаларды қамту 89,4%-ды құрайды. Сонымен қатар, мемлекеттік жеке серіктестік аясында қалада 1751 орынға шақталған 31 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 397 жеке балабақшада 20441 бала орналастырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу