Алматыда биыл жаңа скважиналар салынады

"Каменское плато" шағын ауданындағы су тапшылығы осылай шешілмек. 

Алматыда биыл жаңа скважиналар салынады Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматыда Медеу ауданы әкімдігі мен "Алматы Су" МКК өкілдері "Каменское плато" шағын ауданының тұрғындарымен кездесті. Оның барысында суық сумен жабдықтау мәселесін шешу жолдары түсіндірілді.

Еске сала кетсек, "Каменское плато" шағын ауданында су тапшылығы  соңғы 5 жылда байқалды. Осы елді мекеннің тұрғындарын сумен қамтамасыз ету жер асты суларының көзінен жүзеге асырылады – бұл мұндағы үш скважина. Мамандар су қысымының төмендеуінің негізгі себебін осы аймақтағы халықтың өсуімен байланыстырады. Скважиналардағы су деңгейі 2,5 есе төмендеді – жобалық 150 м3/сағ-тан 60 м3/сағ-қа дейін және су деңгейінің төмендеуі жалғасуда.

Бұл мәселені шешу үшін 2023 жылы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша ТЖ желісі бойынша екі жаңа су көздерін (4 скважина) жайластыру және іске қосу, сондай-ақ халыққа су беруді ұлғайту үшін модульдік станциялары бар жаңа резервуарлар мен магистральдық құбырлар салу жөніндегі жобаны әзірлеу басталды. Құрылыс-монтаж жұмыстары мамыр айында басталып, ағымдағы жылдың желтоқсан айында аяқталады деп жоспарлануда. Жобаны іске асыру "Каменское плато", "Көлсай", "Юбилейный" және "Мұзтау" шағын аудандарын тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жұмыстар аяқталған соң жобаның келесі кезең "Каменское плато" шағын ауданын қолданыстағы сумен жабдықтау желілерімен қосу болады. Ол үшін су құбыры мен кәріздің тарату желілерін салу бойынша жоба әзірленді, ол жүргізілген құрылыс-монтаждау жұмыстарын ескере отырып түзетілетін болады. Жобаны іске асыру 2024 жылға жоспарланған.

Қазіргі уақытта тұрғындарға су беру проблемаларына байланысты күнделікті қосымша тасымалдау ұйымдастырылды. Бұл жағдай қала әкімдігінің бақылауында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу