Оны зорлықшылардан құтқарған азаматтың аты-жөні белгілі болды, деп жазады inbusiness.kz журналист Гүлмира Абықайдың Facebook-тегі жазбасына сілтеме жасап.
Рүстем Көшербаев инженер-құрылысшы болып жұмыс істейді. Оқиға болған түні Талдықорғаннан Алматыға келген екен. Рысқұлов маңындағы көше Бродскийге бұрылғанда көмек сұраған қыз көлік алдынан шыққан.
"Ең алдымен артынан өкшелей қуып келе жатқан жігіттерден қорғауым керек дедім. Басқа ой менде болған жоқ. Қайдан шықты? Не болды екен деп анықтап тоқтағанша екінші жігіт жүгірді. Қалтамда рұқсат етілген қаруымды аспанға аттым. Сонда ғана қыз қуушылардың беті қайтқандай болды. 102-ге хабар бердім. 5 минуттың ішінде 4 патруль көлігі келді. Полиция қызды өз көліктеріне мінгізіп, алып кетті", - деп айтты Рүстем Көшербаев.
Журналист қызды құтқарған жігітке бұл әрекетін батырлыққа теңеп жатқандар баршылық екенін айтады.
"Иә, сіздің комменттерді оқып таң қалдым әрі ұялып кеттім. Меніңше, қиналған жанды көрген әр адам көмек береді деп ойлаймын, бұл жәй адамгершілік қой. Мен және өзім танитын достарым, жақындарым болса дәл мен сияқты көмектесер еді. Өзім сол маңда тұрамын, көшем қылмыстан аулақ болса екен деймін", - деп жазылған жазбада.
Еске сала кетейік, оқиға Алматыдағы жеке сектор үйлерінің аумағында болды. 22 жасар бойжеткенді екі жігіт қорламақ болған. Қыз зорлықшылардан қашып үлгеріп, оны жолда өтіп бара жатқан жүргізуші құтқарды.