Алматыда бухгалтер компанияның 230 мың долларын ұрлап, Грекияға қашып кеткен

148

Күдікті Астана қаласында тергеу изоляторына қамалды.

Алматыда бухгалтер компанияның 230 мың долларын ұрлап, Грекияға қашып кеткен Фото: Бейнежазбадан

Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Грекиядағы Қазақстан елшілігінің жәрдемімен аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген күдікпен Қазақстан азаматшасын экстрадициялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ол 2021 жылы, Алматы қаласындағы тасымалдау компаниясында бухгалтер болып жұмыс істей отырып, өзінің басшысынан 230 000 АҚШ долларын банктік сейф ұяшығында сақтау сылтауымен алып, оларды иемденіп кеткен деп күдіктеліп отыр. Қылмыс жасағаннан кейін ол жасырынып, осыған байланысты халықаралық іздеуге жарияланған.

2024 жылғы маусымда ол Грекия аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша экстрадицияланды.

"Қазақстан мен Грекия арасында тікелей әуе қатынасының болмауына байланысты оны Сербия аумағы арқылы транзиттік тасымалдауды ұйымдастыруға Қазақстанның Сербия Республикасындағы елшілігі қолғабыс көрсетті. Қазіргі уақытта күдікті Астана қаласының тергеу изоляторына қамауға алынды", – делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Оған тағылып отырған қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан он жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу