Алматыда бұрынғы трамвай депосының орнына шығармашылық орталық салынады

237

Бұрынғы депо аумағында концерт залы, галерея, дизайнерлердің шоурумдары мен шығармашылық шеберханалар ашылады.  

Алматыда бұрынғы трамвай депосының орнына шығармашылық орталық салынады Фото: Almaty_akimdigi telegram

Алматыда Гоголь және Байтұрсынов көшелерінің қиылысындағы бұрынғы трамвай депосының аумағын жаңғырту жұмыстары басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мұнда жалпы ауданы шамамен 32 мың шаршы метр болатын креативті кластер бой көтереді.

Қала әкімдігінің мәліметінше, жоба креативті индустрия өкілдеріне арналған заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған. Кластерде көпфункциялы концерт залы, қоғамдық холл, іс-шаралар өткізуге арналған кеңістіктер, студиялар мен шеберханалар, қазақстандық дизайнерлердің шоурумдары, заманауи өнер галереясы және кеңселер орналасады.

Сондай-ақ аумақта амфитеатр, жазғы сахна, саябақ және балаларға арналған ойын алаңдары болады. Осылайша, нысан тұрғындарға ашық қоғамдық кеңістік ретінде де пайдаланылмақ.

"Бұл жоба жекелеген аумақты көріктендірумен ғана шектелмейді. Оның басты мақсаты – аумақтың функционалдық рөлін өзгертіп, адами капитал мен креативті экономиканы дамытуға бағытталған жаңа орталық қалыптастыру. Аталған аумақтың ұзақ уақыт бойы пайдаланылмауы осындай ауқымды жобаны әзірлеу және келісу жұмыстарының күрделілігімен байланысты болды. Өйткені жоба қала құрылысы мен сараптаманың барлық кезеңінен өтуді талап етті. Жоба Қала құрылысы кеңесінің мақұлдауына ие болып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Яғни бүгінде жобаның тұжырымдамасы ғана емес, жобалық құжаттамасы да толық бекітілген. Ескі ғимараттарды бұзу жұмыстары аяқталып, құрылыстың белсенді кезеңі басталды", – деп атап өтті әкімдікте.

Сонымен қатар Алматы әкімдігі қалада трамвай көлігінен бас тартпайтынын атап өтті. Қазір заманауи трамвай санатына жататын LRT жүйесінің алғашқы желісін салу басталды. Жаңа трамвай депосы Алатау ауданындағы Индустриялық аймақ аумағында бой көтереді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу