Алматыда БҰҰ хабы құрылады

282

Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму бойынша хабы құрылады.

Алматыда БҰҰ хабы құрылады Фото: AFP

Бұл туралы Түркіменстан астанасы Ашхабадта өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы - Орталық Азия елдері форумында айтылды, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Іс-шара барысында қазіргі кездегі аймақта өткір тұрған мәселелер талқыланды, деп хабарлады "Хабар 24" телеарнасы.

Аймақтағы шекаралар қауіпсіздігі, көлік және байланыс һәм климаттағы өзгеріс. Бұл мәселелер бүгін Ашхабадта өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы - Орталық Азия форумында талқыланды. Әрине, бұл орайда Қазақстанның сөзі салмақты. 

Қазақстан ұйымға 2010 жылы төрағалық етті. Қазіргі таңда мұнда 50-ден астам мемлекет мүше. Форумда айтылғандай, Қазақстан тарабы әріптестікті нығайтуға мүдделі. 

"Қазақстан Орталық Азия елдерімен бірге Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы аясында нақты интеграциялық жобаларды қолға алды. Нақты мысал ретінде Транскаспий дәлізін айтуға болады. Аталған дәліз арқылы Еуропа мемлекеттерімен әріптестік нығая түседі. Сондай-ақ Қазақстан ауаға шығарылатын көмірқышқыл газын азайту бағытында жұмыс істеп жатыр. 2026 жылы елімізде Біріккен ұлттар ұйымының жиналысы өтеді", - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары-сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу.

Аймақтағы қауіп-қатердің алдын алуда Орталық Азиядағы елдердің бірлігі маңызды. Мұны өз сөзінде ұйым басшысы да атап өтті. 

"Мен қызметке кіріскелі Орталық Азия елдерімен әріптестікке баса мән беріп келемін. Ковид пандемиясы басталғанда жиі кездесіп, түрлі мәселелерді талқылап тұрдық. Сондай-ақ коронавирусқа қарсы іс-шараларды барынша қарастырдық. Бұл ынтымақтастық қазіргі уақытқа дейін жалғасуда. Бүгін де біз күн тәртібінде тұрған мәселелерді қарастырамыз", - дейді ЕҚЫҰ Бас хатшысы Хельга Шмид.

Форумда қазақстандық делегация нақты жобаларды ұсынды. Бұл бастамалар қатысушылар тарапынан қолдау тапты. 

"Атап айтқанда, Алматыда Біріккен ұлттар ұйымының тұрақты даму бойынша, тұрақты даму мақсаттарына жету бойынша орталықты құру бастамасын атап өттік", - деді ҚР Сыртқы істер министрлігі Еуропа департаментінің директоры Олжас Сүлейменов. 

 Бұл орталық ұйым мен аймақтағы елдер арасындағы іс-әрекетті үйлестіру міндеттерін жүзеге асырады. Яғни өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуде хабтың қызметі маңызды болады деп күтілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу