Алматы әкімі Бауыржан Байбек Қоғамдық кеңестің отырысында келер жылдан бастап "Бюджетке қатысу" пилотты жобасын қолға алуды ұсынды, мұнда қаланың әр ауданына нақтылы сома аударылады, ал оны тұрғындардың өздері ең маңызды бағыттарға бөлетін болады, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.
"Келер жылдан бастап "Бюджетке қатысу" пилотты жобасын бастауды ұсынамын, мұнда әр ауданға нақтылы сома аударылады, ал оны тұрғындардың өздері маңызды бағыттар бойынша бөлетін болады. Қала тұрғындары "Open Almaty" жүйесі арқылы өз ұсыныстарын, жобаларын ұсынады, олар жарияланып, көпшілік дауысқа салынып, үздіктері анықталады. Ұсынылған жобаларға қоғамдық кеңес мүшелері, сарапшылар, бюджеттік комиссия бағаларын береді. Алматыда әр ауданға орта есеппен жарты миллиард теңге бөлуге болады деп есептеймін. Яғни, сегіз ауданға 4 млрд теңге немесе қала бюджетінің 1%-ы бөлінеді", – деді Бауыржан Байбек.
Мегаполис әкімі БҰҰ-ның ұсыныстарына сәйкес дамыған елдердің бюджеті осылайша 0,5% дан 1%-ға дейінгі көлемде жасақталатынын айтты. Бұл ашықтықтың бір критерийі және азаматтардың кемелденуі. Мұндай бастама Лондонда, Римде, Берлинде, Парижде, Мәскеуде енгізілген.
"Бізге қоғамдық пікірді есту ғана емес, бюджеттік шешімдердің орындалуына жауапкершілікті күшейту әрі азаматтық бастамаларды қаржыландыру маңызды. Іске бұл тұрғыдан келу өзгенің есебінен күн көру қағидасын жойып, өз қаласына деген оң көзқарасты нығайтады. Бұлардан өзге, қала басқармалары кері байланыс арналары арқылы ірі жобаларды тұрғындармен, бизнеспен, сарапшылармен бірге талқылағандары жөн. Қоғамдық кеңес мүшелері бұл бастамада барынша белсенділік танытулары тиіс деп есептеймін", – деп қорытындылады сөзін Бауыржан Байбек.