Салтанатты рәсімде Алматы әкімі Дархан Сатыбалды спортшыларды жоғары нәтижесімен құттықтап, алғыс хат пен қаржылай сертификаттар табыс етті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Сіздерді осы жарқын жеңістеріңізбен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Бұл – мен үшін қос қуаныш, өйткені біздің алматылық спортшылар ұлттық құраманың қоржынына 4 медаль салды. Бұдан бөлек, күрес чемпионатында тағы бір медальға қол жетті. Мұның бәрі – сіздермен бірге мақтанатын жоғары нәтиже", – деді қала әкімі.
Сондай-ақ Загреб (Хорватия) қаласында өткен күрестен әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болған Нұрқожа Қайпанов та алғыс хат және қаржылай сертификатпен марапатталды.
Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 1 орынды иеленді.
Спортшылар барлығы 10 медаль жеңіп алды: 7 алтын, 1 күміс және 2 қола.
Алматыдан ұлттық құрама сапында 4 спортшы бағын сынап, 4 медальға ие болды. Бұл – команданың жалпы жүлдесінің 40 пайызын құрап отыр.
- Алуа Балқыбекова – алтын медаль.
- Назым Қызайбай – күміс медаль.
- Виктория Графеева – қола медал.
- Елдана Тәліпова – қола медаль.