Алдағы демалыс күндері, 30 қараша - 1 желтоқсан күндері Алматы қаласының төрт ауданында кезекті "демалыс күндердегі" ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері өтеді. Жалпы жәрмеңкеде елуден астам өнім түрі, оның ішінде ет-сүт, жеміс-көкөніс, шұжық, ұн, жарма, өсімдік және жануар майы секілді өнімдер ұсынылады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Сауда алаңында Қарасай, Жамбыл, Іле, Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарының шаруалары мен Алматы қаласының азық-түлік кәсіпорындарының тауарлары сатылады.
Демалыс күндері жәрмеңкелер мына мекен-жайлар бойынша өтеді:
- Гоголь көшесі - Масанчи көшесі (Алмалы ауданы);
- Қазақфильм шағынауданы. (Бостандық ауданы);
- Абай даңғылы - Өтеген батыр көшесі қиылысы. (Әуезов ауданы);
- Меңдіқұлов көшесі - Бектұров көшесі қиылысы. (Медеу ауданы).
Жәрмеңкеде азық-түлік тауарларын, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын арзан бағада сатып алуға болады. Азық-түлік жәрмеңкелері Алматы қаласында сенбі және жексенбі күндері апта сайын өткізіледі. 2024 жылдың басынан Алматыда 380-ге жуық азық-түлік жәрмеңкесі өткен. Жыл соңына дейін осындай қосымша 40-қа жуық жәрмеңке өткізу жоспарланған.
Жәрмеңкені өткізу регламенті санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды, абаттандыру ережелерін, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау және сауда үстемесін ескере отырып жасалған.