2023 жылы қаланың автобус паркі 1150 экологиялық таза автобусқа жаңартылды (оның ішінде, жеке тасымалдаушылардың алғаны – 550). 2024 жылдан бастап жеке тасымалдаушылардың дизельдік автобустарды сатып алуына тыйым салу жоспарлануда. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Астанада өткен брифинг барысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Соңғы 11 жылда алғаш рет Алматыда 100 троллейбус сатып алынды, 2024 жылы тағы 100 бірлік сатып алу жоспарлануда, бұл троллейбус паркін 100% жаңартуға мүмкіндік береді. Алматыда метро қарқынды дамып келеді. 2023 жылы 3 қосымша жылжымалы құрам іске қосылды. Қозғалыс аралығы 5 минут 38 секундқа дейін төмендеді. Нәтижесінде метроның жолаушылар ағыны 100 мың адамға дейін ұлғайтылды. Жалпы, 2023 жылдың қорытындысы бойынша, қоғамдық көлікте жолаушылар ағыны тәулігіне 1,5 млн адамға дейін, 2022 жылы 1,2 млн адамға дейін ұлғайды", - деп атап өтті Алматы әкімі.