Алматыда екі аурухана карантинге жабылды

1047

Індет жұқтырған 12 медициналық қызметкермен байланыста болған 316 адам оқшауланды. 

Алматыда екі аурухана карантинге жабылды

Мегаполисте Балалар жұқпалы аурулар ауруханасы мен Орталық клиникалық аурухана карантинге жабылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова мәлімдеді.

"Балалар жұқпалы аурулар ауруханасы коронавирустық инфекция жұқтырған науқас анықталған соң карантинге жабылды. Науқастар өзге медициналық мекемелерге ауыстырылды. Ал індет жұқтырған адаммен байланыста болған мамандар бақылауға алынды. Сонымен қатар бұрынғы №12 аурухана, яғни қалалық орталық клиникалық аурухана да карантинге жабылды", – деді департамент басшысы. 

Сонымен қатар Айзат Молдағасымова бұған дейін орталық ауруханада коронавирус жұқтырған 12 медицина қызметкерімен байланыста болғандарды оқшаулау туралы ақпарат берді. 

"Олармен етене байланыста болған 316 адам оқшауланды. Бұл қаладағы ең үлкен аурухана. Мұнда 1 мыңнан астам адам қызмет етеді. Ал коронавирустық инфекция анықталған екі бөлімге 316 адам келген. Олардың барлығы анықталып, бақылауға алынды", – деді департамент басшысы.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу