"2025 жылдың маусым айында Кемел шағын ауданында 12 га жағалауды абаттандыру жұмыстары басталады, ал ағымдағы жылдың қыркүйек айында Айнабұлақ шағын ауданында 10 га саябақ аймағын абаттандыру жобасы қолға алынады", -– деді Ерболат Досаев.
Айта кетейік, 2024 жылы Жетісу ауданында Есентай өзені бойынша Көкмайса, Көкжиек шағын аудандарында және Кедровая көшесінде жалпы ауданы 24,6 га 3 жаңа саябақ-жағалау аймағы құрылды.
Сонымен қатар, Алматы әкімі "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасын іске асыру бойынша жоспарларын айтты. Биыл 30 жоба жүзеге асырылады. Бұл – 22 қоғамдық кеңістікті, 4 аула аумағын және 4 басқа инфрақұрылым нысандарын абаттандыру.
"Биыл "Халық қатысатын бюджет" аясында 1200-ден астам ұсыныстың ішінен 30 жоба іріктелді. Осы бағдарлама бойынша біздің қаламызда ең көп өтінім Жетісу ауданының тұрғындарынан түскенін ерекше атап өткім келеді. Бұл үшін шын жүректен алғыс айтамын", - деді әкім.
Мегаполис басшысы биылғы жылы ауданда тағы 1,9 млрд теңгеге қаржыландыру ұлғайтылғанын, оның аясында Құлагер ш/а 34 аулаға ағымдағы жөндеу жүргізілетінін атап өтті.
Мақатаев және Сүйінбай көшелері бойынша 3,9 км жаяу жүргіншілер аймағы абаттандырылды, 300 жарықтандыру тірегі қалпына келтірілді, 6 мың шаршы метрден астам алаңға гүлдер отырғызылады және 9 ғимараттың қасбеттері сәулеттік жарықтандырылды.
Үш жыл ішінде Алматыда ХҚБ бағдарламасы аясында 39,1 млрд теңге сомасына 938 жоба іске асырылды. Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша 2025 жылы осы мақсаттарға 17,1 млрд теңге бөлінді.