Алматыда екі көлік жүргізушісінің арасындағы жанжал арты атысқа ұласты, деп хабарлайды inbusiness.kz қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Жүргізушінің бірі газ тапаншасын алып шығып, екіншісіне оқ атты. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде таралуда.
Алматы қалалық ПД мәліметінше, бұл факт бойынша Наурызбай ауданының полиция басқармасы ҚР ҚК 293-бабының 2-бөлігінде көзделген "Бұзақылық" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
“Күдікті полицияға жеткізілді. Оның атына тіркелген “ИЖ" маркалы газ тапаншасы қылмыстық іс материалдарына қоса тіркелді. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, базарлардың бірінің аумағында екі көлік жүргізушілері арасында ауызша жанжал туындап, олардың бірі қарсыласының бетіне оқ атқан”, - делінген хабарламада.