Алматыда ЭКО арқылы туған алғашқы баланың 30 жылдығына арналған халықаралық конгресс басталды

304

"Аңсаған сәби" бағдарламасы аясында 11 мыңнан астам бала дүниеге келген.

Алматыда ЭКО арқылы туған алғашқы баланың 30 жылдығына арналған халықаралық конгресс басталды Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Telegram

Алматыда Қазақстанда экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) арқылы дүниеге келген алғашқы баланың 30 жылдығына арналған XVIII халықаралық конгресс басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жиынға 25 елден 1000-нан астам маман қатысып жатыр.

Тарихи оқиға 1996 жылғы 31 шілдеде болған. Содан бері елімізде қосалқы репродуктивтік технологиялардың көмегімен дүниеге келген балалардың саны 50 мыңнан асты.

"Қазақстанда репродуктивтік денсаулықты сақтау мәселесіне адам өмірінің барлық кезеңінде ерекше назар аударылады. Бұл бағыт отбасын қолдаудан, репродуктивтік жүйе бұзылыстарының алдын алу мен емдеуден, жүктілікке дейінгі дайындықтан бастап, ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін жетілдіруге дейінгі шараларды қамтиды", – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова форум қатысушыларына жолдаған құттықтау сөзінде.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы бес жылда Қазақстанда ана өлімі төрт есе, ал нәресте өлімі 30 пайызға азайған.

Сондай-ақ "Аңсаған сәби" бағдарламасы аясында 2021–2025 жылдары шамамен 34 мың әйел ЭКҰ процедурасынан өткен. Олардың 13 мыңнан астамы жүктілік бойынша есепке алынып, нәтижесінде 11 мыңнан астам сәби дүниеге келген.

"Бұл цифрлардың артында ана мен әке болу арманын жүзеге асырған мыңдаған отбасы тұр. Бұл – бірлескен жұмысымыздың ең маңызды нәтижесі. Осындай технологиялардың әрқайсысының артында көпжылдық ғылыми зерттеулер, ғалымдардың, эмбриологтардың, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қажырлы еңбегі жатыр", – деп атап өтті ведомство басшысы.

Қазіргі уақытта Қазақстанда қосалқы репродуктивтік технологиялармен айналысатын 32 бейінді клиника бар. Олар жыл сайын шамамен 18 мың процедура жүргізеді.

Конгресс барысында репродуктивтік медицинадағы жасанды интеллект мүмкіндіктері, имплантацияға дейінгі генетикалық скрининг және онкофертильділік мәселелері талқыланады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу