Алматыда электрик токқа түсіп қалды

724

Ол оқиға орнында қаза тапты.

Алматыда электрик токқа түсіп қалды

Оқыс оқиға кеше күндізгі сағат 13:40-та болған. Бұл туралы ҚР ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Кеше сағат 13:40-та Алматы қаласы Медеу ауданындағы Назарбаев даңғылы мен Жиенқұлов көшесінің қиылысындағы тоқ желісін тарту бекетінде "АЖК РЭС-5" АҚ  электромонтерын жұмыс барысында ток соғып, ол оқиға орнында қаза тапты. Кейін анықталғандай, ол 1990 жылы туған Аташев Д.А. атты азамат болып шықты. Бүгінде өлімге әкелген төтенше жағдайдың салдары тексерілуде. Оқиға орнына 10 төтенше жағдай қызметкері мен 2 техника жұмылдырылды", – деді Владимир Беккер ІІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы дәл сол күні осыған ұқсас оқиғаның Алматы облысында да тіркелгенін айтып өтті.

"Кеше сағат 10:15-те Алматы облысы Алакөл ауданы, Үшарал қаласындағы 8 наурыз көшесінде орналасқан 57-үйдің жанындағы трансформатор бекетінде жөндеу жұмысы кезінде тағы бір электромонтер токқа түсті. Зардап шегуші бүгінде ауруханада жатыр. Жедел тексеру барысында оның 1968 жылы дүниеге келген Алакөл ауданында тұратын Жапабаев Е.Т. атты азамат екені анықталды. Оқыс оқиғаның мән-жайы анықталу үстінде. Оқиға орнына 4 төтенше жағдай қызметкері мен бір техника тартылды", – деді ол.

Айта кетсек, бұған дейін Владимир Беккер елімізде балаларға арналған ойын аттракциондары мен батуттардың санаққа алынып жатқанын айтып өткен болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу