Алматы қаласындағы мансап орталығы қаладағы ең танымал мамандықтар мен бос орындарды атады. Бұл туралы inbusiness.kz сайты хабарлайды.
"Біз 80 мыңнан астам жұмыс орнын аштық. Егер сұранысқа ие мамандықтар мен салалар туралы айтатын болсақ, онда бірінші орында – білім және тәрбие (571 бос орын) саласы алады. Олардың қатарына педагогтар, мұғалімдер, тәрбиешілер, әдіскерлер, еңбекті қорғау және қауіпсіздік нұсқаушылары кіреді. Екінші орында медицина және фармацевтика саласы тұр. Соның ішінде дәрігерлер, фармацевтер және медбикелер бар. Үшінші орынды біліктілігі жоқ мамандықтар иеленеді. Оның ішінде жүк тиеушілер, гардеробшылар, жұмысшылар және тазалаушылар бар. Төртінші орынды қаржы және бухгалтерлік есеп саласы алады. Оның қатарына бухгалтерлер, қаржыгерлер, сауда кеңесшілері кіреді. Бесінші орынды сауда және қойма қызметі иеленеді. Олардың қатарына азық-түлік емес тауарларды сатушылар, қоймашылар, экспедиторлар мен сауда өкілдері кіреді", – деді Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте қалалық мансап орталығының басшысы Әділет Жаңабаев.
Сонымен қатар, Алматының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов жұмыспен қамту мәселесі қаладағы маңызды мәселелердің бірі болып қала беретінін айтты. Жұмыспен қамтудың ұтқырлық орталығы мен мансап орталығы жұмысқа орналасуға көмектеседі. Оның айтуынша, қаладағы жұмыссыздық деңгейі 2023 жылдың үшінші тоқсанында 4,8%-ға дейін төмендеген.
"2023 жылы белсенді жұмыспен қамту шараларына 87,4 мың адам тартылды. Оның ішінде 41,5 мыңнан астам адам (47,5%) тұрақты және уақытша жұмыс орындарына қызметке орналастырылды", – деп түсіндірді ол Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.
Сондай-ақ, өткен жылы "Бастау бизнес" жобасы бойынша 10 мыңнан астам ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер бизнесті дамытуға грант алды. 135 адам 5 млн теңгеге дейін (жылдық 2,5%-бен) жеңілдетілген шағын несие алған.
Жалпы, Ұлттық жобалар мен кәсіпкерлік субъектілері 89 995 жұмыс орнын құрды, оның 81%-ы немесе 72 824 -і тұрақты жұмыс орнын құрайды.