Алматыдағы №5 қалалық клиникалық ауруханада ерекше қажеттілігі бар балаларға стоматологиялық көмек көрсететін мамандандырылған бөлімше ашылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мұнда медициналық көрсетілімдер бойынша тіс емдеу жалпы анестезиямен жүргізіледі.
Жаңа бөлімшеде дәрігерлер ауыз қуысына кешенді ем жүргізіп, қажет болған жағдайда бірнеше стоматологиялық процедураны бір сеанста орындайды. Бұл балаларға емдеу үдерісін жеңілдетіп, дәрігерге қайта келу қажеттілігін азайтуға мүмкіндік береді.
Бөлімше ашылғалы бері 100-ден астам науқас жалпы анестезиямен стоматологиялық ем қабылдаған.
Сонымен қатар ауруханада күн сайын жоспарлы және шұғыл стоматологиялық көмек көрсетіледі. Тәулігіне орта есеппен тісі қатты ауырған 10-ға жуық адам мамандарға жүгінеді.