Алматыда Ермек Серкебаевқа ескерткіш орнатылды

215

Ескерткіш Абылай хан даңғылының бойында, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі ғимаратының алдында орнатылған.

Алматыда Ермек Серкебаевқа ескерткіш орнатылды Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Бүгін Алматы қаласында көрнекті опера әншісі, актер, педагог Ермек Серкебаевқа арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ашылу салтанатына Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, әншінің ағасы Мұрат Серкебаев пен ұлы Байғали Серкебаев, сондай-ақ шығармашылық зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

"Ермек Серкебаев – сирек кездесетін талант иесі, кәсіби шеберлігі жоғары музыкант. Ол миллиондаған өнерсүйер көрерменнің шынайы махаббатына бөленді. Бүгінгі қазақ операсын Ермек Серкебаевсыз елестету қиын. Оның ғибратты ғұмыры – мәдениетіміздің тарихындағы тұтас бір тарау. Көпшілік білмеуі мүмкін, бірақ ол қоғамдық-саяси өмірде де белсенділік танытып, Тәуелсіздігіміздің қалыптасуы мен нығаюына зор үлес қосты. Сонымен қатар, Ермек Бекмұхамедұлы дарынды музыканттар әулетінің негізін қалады. Балалары мен немерелері оның ісін лайықты жалғастырып, қазақ өнерін әлемнің әр түкпірінде дәріптеуде", – деді Мәдениет және ақпарат министрі.

Ведомство басшысы Ермек Серкебаевтың бейнесін қоладан сомдаған мүсіншілер – Айдос Бүркітбаевқа, Тимур Ермұхаметовке, Ақылбек Орманбековке және Қуаныш Асылбайға ерекше алғыс білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу