Алматыдағы ескі үйлерді сүру жоспарлы түрде жалғасады. Қала әкімі Бауыржан Байбек, тозығы жеткен баспаналар бағдарламасы мен аулаларды абаттандыру, сондай-ақ, қаланың бірқатар даңғылын жаңарту барысымен танысты, деп хабарлайды almaty.tv.
Жақын арада Сүлейменов пен Жандосов көшесінің қиылысында орналасқан 50-ші жылдарда салынған үйлерді сүру жұмыстары басталмақ. Ал ол үйлердегі тұрғындарға уақытша паналайтын пәтер берілмек. Сол аралықта дәл сол аумаққа жаңа көпқабатты тұрғын үй салынады. Бас-аяғы тозығы жеткен 44 үй сүрілетін болады. Оған қоса, Райымбек даңғылы бойындағы 2,7 га жерге орналасқан екі қабатты апатты үй де сүріледі. Жалпы, алдағы жылдары ескі және апатты жағдайдағы 500 үй бұзылып, олардың орнына 1,2 млн шаршы метр аумақты қамтитын баспаналар бой көтермек.
"Ескі үйлерді сүру жұмысы бәріне де пайдалы болмақ. Жұмыс орындары ашылады, олардан салық төленеді, техникалар жұмыс істейтін болады, сіздерге де жақсы. Бәрі де заң аясында атқарылады. Әр адамның жағдайы ескерілетін болсын. Бір жыл шыдасаңыздар болды", – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек тұрғындармен кездесу барысында.