Алматыда есту қабілетін ерте анықтайтын бірыңғай жүйе іске қосылады

337

Жыл басынан бері есту қабілетін жақсартуға бағытталған 200-ден астам ота жасалды.  

Алматыда есту қабілетін ерте анықтайтын бірыңғай жүйе іске қосылады Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Telegram

Алматыда балалардың есту қабілетінің бұзылуын ерте анықтауға арналған бірыңғай жүйе енгізіле бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

№5 қалалық клиникалық аурухана базасында Қазақстандағы алғашқы аудиологиялық скринингті сүйемелдеу трекинг-орталығы ашылды.

Жоба "Мен естимін" пилоттық жобасы аясында сынақтан өткен. Ол үш перзентхана, үш медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымы және екі сурдологиялық кабинетті қамтыды.

Трекинг-орталық скрининг нәтижелерін нақты уақыт режимінде бақылап, есту қабілеті бұзылған балаларды диагностикадан бастап емдеу және оңалтуға дейін сүйемелдейді.

2026 жылдың басынан бері жүйе арқылы 11 баланың толық естімейтіні дер кезінде анықталған. Олардың барлығына кохлеарлық имплантаттау жасалып, қазір оңалтудан өтіп жатыр.

Жоба толық іске қосылғаннан кейін жыл сайын 90 мыңнан астам баланы аудиологиялық мониторингпен қамту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар есту қабілеті бұзылған пациенттердің бірыңғай тіркелімі енгізіледі. Ол балалар мен ересектер туралы мәліметтерді біріктіріп, медициналық көмекті үздіксіз бақылауға мүмкіндік береді.

Жыл басынан бері №5 қалалық клиникалық аурухананың Сурдология бойынша құзырет орталығында МӘМС аясында есту қабілетін жақсартуға бағытталған 200-ден астам операция жасалған. Бұдан бөлек, 400-ден астам пациентке есту аппараттарын алуға жолдама берілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу