Алматыда 13-15 мамыр аралығында "Қазақстан" қонақ үйінде Алматы хайуанаттар бағының ұйымдастыруымен Еуро-Азия өңірлік хайуанаттар мен аквариумдар қауымдастығының халықаралық конференциясы өтеді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Іс-шараға Германия, Қытай, Малайзия, Түркия, Швеция, Бразилия, Әзірбайжан, БАӘ, Өзбекстан, Беларусь, Ресей, Чехия, Тәжікстан, Қырғызстан, Армения, Словакия сынды әлемнің түрлі елінен 160 маман қатысады.
Айта кететіні, Алматы мемлекеттік зоологиялық паркінде 3,5 мыңнан астам жануарлардың 400-ге жуық түрі бар экспозиция орналасқан. Бұл жануарлардың барлығы алты экспозиция секциясына бөлінген.
Алдағы уақытта өтетін конференцияда хайуанаттарды күтіп, баптау, оларға қолайлы жағдай жасау сынды тақырыптар талқыланбақ.