Алматыда фристайлдан әлем чемпионаты өтеді

1535

7-14 наурыз күндері Алматыда фристайл могул мен фристайл акробатикадан әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды Olympic.kz.  

Алматыда фристайлдан әлем чемпионаты өтеді

Халықаралық шаңғы спорты федерациясы (FIS) ҚР Ұлттық шаңғы қауымдастығына жоспарланған FIS әлем кубогінің финалдық кезеңіне  (13-14 наурыз 2021 ж.)  қосымша ретінде фристайлдың могул және акробатика санаты бойынша әлем чемпионатын (8-11 наурыз 2021 жыл) Қазақстан Республикасының аймағында, атап айтқанда, Алматы қаласындағы "Шымбұлақ" тау шаңғысы курортында қабылдау туралы хат жіберді. Канаданың Калгари аймағы 2021 жылғы әлем чемпионатын қабылдай алмайтын болғандықтан, Қазақстан қысқа мерзімде ұсынысты қабылдады.

"Әлем чемпионатын Қазақстанда өткізу - бұл шынымен де тарихи оқиға. Біз FIS-ті біздің мемлекетке ұйымдастырушы ретінде ұсынғанына қуаныштымыз. Әрине, ел намысын әлемдік аренада абыроймен қорғап жүрген Қазақстан могулистері мен акробаттары мұндай құрметке лайықты.

Біздің басты міндетіміз – әлем чемпионатын жоғары деңгейде ұйымдастырумен қатар, турнирге қатысушылар үшін де, қала тұрғындары үшін де қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету. Біз басқа елдердің тәжірибесін зерттейміз, қауіпсіз логистиканы, медициналық қолдауды және спортшылардың қозғалысына шектеулерді ескереміз. Қауіпсіздік шаралары жоғары деңгейде сақталады деп кепілдік беремін. Сонымен қатар, жарыстар міндетті түрде халықаралық және қазақстандық арналар арқылы көрсетілетін болады. Сондай-ақ, әрбір жанкүйер спортшылардың жетістіктерін нақты әрі уақытылы, дер кезінде  хабардар бола алады", –  деді Қазақстан Республикасы Ұлттық шаңғы қауымдастығының президенті Диас Сүлейменов.

"Шымбұлақ" тау шаңғысы курорты бұған дейін екі рет FIS Әлем кубогын өткізген. Ал биыл ол Халықаралық федерацияның күнтізбесінде әлем кубогының финалдық кезеңін қабылдаушы ретінде тізімге енді. Ірі әлемдік турнирлерді өткізудегі жоғары ұйымдастырушылық пен тәжірибені ескере отырып, әлем чемпионатын Қазақстанда өткізу сеніп тапсырылды.

2020-2021 жылғы маусым 2022 жылы Бейжіңде өтетін қысқы Олимпиада ойындарына жолдама үлестірілетін іріктеу кезеңі болып табылады.

Ұлттық қауымдастықта атап өткендей, Алматы әлемнің үздік могулистерін жинайды. Сондықтан, оларды алда өте ауқымды жұмыс күтіп тұр. Алайда, Федерация әлем кубогінің финалдық кезеңін дәл сол қатысушылармен наурызда өткізуге дайындалып жатқандықтан, жұмыс көлемінде айырмашылық болмайды.

Олимпиада жүлдегері, фристайл-могулдан қазіргі әлем чемпионы және осы спорт түрінің көшбасшыларының бірі Юлия Галышева үшін бұл жаңалық шынымен ерекше болды.

"Әлем чемпионатының біздің елде өтетіні туралы біз АҚШ-та білдік. Қуанышымызда шек жоқ. Осыдан екі жыл бұрын Алматы халықаралық федерацияның күнтізбесіне енген сәттен бастап біз осы күн келеді деп үміттендік. Содан бастап біздің спорт түрі қарқынды дами түсті, командамыздың көрсеткіші, нәтижесі айтарлықтай өсті. Қатарымызға жас спортшылар қосылып, бүгінде халықаралық додаларда бақ сынап жүргендер бар. Туған жерімізде сынға түсу – ешнәрсемен салыстыруға келмейтін ерекше сезімді сыйлайды. Мен пандемия жағдайының жақсаратынына және жанкүйерлердің байқау кезінде қатысуына тыйым салынбайтынына шын жүректен үміттенемін. Себебі, жанкүйерлердің қолдауы біз үшін өте маңызды!", – дейді Юлия Галышева.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу