Алматыда Халықаралық валюта қорының өңірлік орталығы құрылады

195

Меморандумға Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес 2024 жылғы 23 қазанда Вашингтонда қол қойылды. 

Алматыда Халықаралық валюта қорының өңірлік орталығы құрылады Фото: Qazaqstan.tv

Сенаттың жалпы отырысында "Қазақстан мен Халықаралық Валюта Қоры арасындағы Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия үшін өңірлік әлеуетті дамыту орталығына қатысты өзара түсіністік туралы меморандумды ратификациялау туралы" заң мақұлданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сенатор Серік Өтешов аталған құжатты ратификациялаудың маңыздылығына тоқталды. 

"Бұл құжат Алматы қаласында Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия үшін Халықаралық Валюта Қорының өңірлік орталығының толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті құқықтық негізді қалыптастырады. Орталықтың біздің елімізде орналасуы Қазақстанның аймақтағы қаржылық білім мен құзыреттердің негізгі хабы ретіндегі рөлін нығайтып, мемлекетіміздің халықаралық беделін арттырады. Орталықтың қызметі тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін стратегиялық ресурс болып табылады. Бүгінгі таңда орталық тоғыз елді біріктіріп, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әлеуетін арттыруға, бюджеттік жоспарлауды, статистика мен болжамдауды жетілдіруге бағытталған. Бұл біздің мамандарға Вашингтон немесе Вена қалаларына бармай-ақ, ең үздік халықаралық практикалық білімге тікелей қол жеткізуге мүмкіндік береді",  – деді сенатор.

Оның айтуынша, орталық жұмыс істеген уақыт ішінде 4 мыңнан астам маман оқудан өтті, оның ішінде Қазақстаннан 1 370-тен астам қызметкер бар.

"Сонымен қатар, орталықтың Алматыда орналасуының экономикалық тиімділігі де жоғары. Бес жылдық кезеңде орталықты қаржыландыруға бағытталған 48 миллион доллардың басым бөлігі Алматы қаласының экономикасында қалады, бұл жергілікті бизнесті қолдауға және қызмет көрсету саласын дамытуға оң ықпал етеді. Меморандумда қарастырылған иммунитеттер мен артықшылықтар халықаралық ұйымдар үшін стандартты болып табылады және олардың тәуелсіз қызметін қамтамасыз етуге бағытталған", – деп атап өтті Серік Өтешов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу